Назар аударуды қажет ететін белгілер

Бала буллингке ұшырағанын үнемі ашып айта бермейді. Көбіне бұл сөзбен емес, оның мінез-құлқының, көңіл-күйінің және жалпы жай-күйінің өзгеруінен байқалады.

Мұндай бір ғана белгі өздігінен ештеңе білдірмеуі мүмкін, алайда олардың бірнешеуін байқасаңыз және олар жиі қайталанса — бұл жағдайға мұқият назар аударып, әңгімені жайлап бастауға нақты себеп.

Мектепке қызығушылығы жоғалады

Бала сабаққа бармаудың сылтауын іздейді, сабақтан қалуға тырысады немесе ешбір түсінікті себепсіз мектепте ұзақ қалып қояды.

Оқудағы және күнделікті өмірдегі мінез-құлқы өзгереді

Ол тез шаршайды, ашуланшақ болып кетеді, ал оқу үлгерімі айқын себепсіз күрт өзгеруі мүмкін.

Денсаулығына шағымдана бастайды

Нақты бір медициналық себебі болмаса да, бала басының, ішінің немесе кеудесінің ауыратынын жиі айтады. Тәбеті қашып, жалпы жай-күйі нашарлайды.

Эмоциялық күйі өзгереді

Ол еш себепсіз тұйықталып, мазасызданады, секемшіл, ашуланшақ немесе жабырқау болып кетеді. Бұл өзгерістерді жасөспірім шақтағы қалыпты құбылыстармен шатастырмау өте маңызды.

Ұйқысы бұзылады

Ұйықтауы қиындайды, түнде жиі оянады, жаман түс көреді, ұйықтауға немесе таңертең орнынан тұруға зауқы болмайды.

Денесінен жарақат іздері байқалады

Мысалы, денесінің көгеруі, тырналуы, жеке заттарының бүлінуі немесе жоғалып кетуі мүмкін. Ал бала мұның қалай болғанын түсіндіре алмайды немесе айтқысы келмейді.

Бала жиі ақша сұрай бастайды

Кейде бұл басқа балалардың қысым көрсетуіне немесе бопсалауына байланысты болуы мүмкін, әсіресе мұның нақты себебі айтылмаса.

Араласатын ортасы тарылады

Бала қатарластарынан бойын аулақ ұстайды, көбіне жалғыз қалады, тек ересектермен уақыт өткізгенді ұнатады немесе ішіне тұйықталып кетеді.

Қашқақтай бастайды

Ол мектепке немесе сыныптастарына қатысты белгілі бір жерлерден, жүретін жолдардан, жағдайлардан немесе әңгімелерден қашқақтайды.

Не болып жатқанын айту қиынға соғады

Бала сұрақтардан жалтарып, мектеп туралы құлықсыз айтады және мінезіндегі мұндай өзгерістерді түсіндірмейді.

Сондай-ақ оқыңыз

Пайдалы мақала

Буллинг туралы білсеңіз, не істеу керек?