.webp)
Буллинг деген не
Бұл балалар арасындағы жай ғана ұрыс-керіс емес, бұл — жүйелі түрде қорлау, қысым көрсету немесе кемсіту. Буллинг сөз жүзінде, психологиялық, физикалық түрде немесе онлайн болуы мүмкін. Кәдімгі кикілжіңнен басты айырмашылығы — мұнда күш тең емес (әрқашан үстемдік етуші тарап пен құрбан болады), жағдай үнемі қайталанады, ал айналадағылардың үнсіз қалуы мәселені тек ушықтыра түседі.
Бұл несімен қауіпті:
- буллинг өздігінен тоқтай қоймайды;
- бала ішіне тұйықталып, мәселе туралы айтпай қоюы мүмкін;
- қауіпсіздік сезімі мен айналадағыларға деген сенімі төмендейді;
- салдары ұзаққа созылуы мүмкін: мазасыздық, қорқыныш, өзін-өзі бағалаудың төмендеуі және қарым-қатынастағы қиындықтар.
Буллинг — бұл «есеюдің бір кезеңі» немесе «балалар арасындағы кәдімгі ұрыс-керіс» емес. Бұл — балаға ересектердің қолдауы қажет болатын жағдай.
Егер бала буллинг туралы өзі айтса немесе сіз алаңдатарлық белгілерді байқасаңыз, сабыр сақтап, нақты қадамдармен әрекет еткен дұрыс:
- баланы қысым көрсетпей және кінәламай тыңдаңыз, оған сенетініңізді әрі бұған оның еш кінәсі жоқ екенін білдіріңіз;
- жағдайды дәлелдейтін барлық айғақтарды сақтап қойыңыз: хабарламалар, фото, видео, анықтамалар;
- мектепке: сынып жетекшісіне, психологқа, әкімшілікке жүгініңіз;
- шағымыңыз ресми түрде тіркелуі үшін мектеп директорының атына жазбаша арыз түсіріңіз;
Бір жұмыс күні ішінде мектеп білім бөліміне хабар беріп, жәбірленушімен, буллинг жасаған баламен, олардың ата-аналарымен және психологпен әңгімелесу ұйымдастыруға, содан кейін жанжалды шешу үшін нақты шаралар қабылдап, психологиялық қолдау көрсетуге міндетті.
- егер мектеп ешқандай шара қолданбаса — білім бөліміне жүгініңіз;
- егер қорқыту-үркіту, бопсалау немесе күш көрсету орын алса — полицияға хабарласыңыз;
- егер шағымыңыз елеусіз қалса — прокуратураға арызданыңыз.
Егер сізге қосымша көмек қажет болса немесе әрі қарай не істеу керектігін білмесеңіз, 111 нөміріне хабарласыңыз.
Бұл — балалар, отбасы және әйелдер құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін көмек желісі.
Мынаны есте ұстаған жөн: басты мақсат — «қандай жолмен болсын жазалау» емес, буллингті тоқтатып, балаға қауіпсіз ортасын қайтарып беру. Егер мектеп мәселені шешуге тырыспаса — мектепті ауыстырыңыз.
Баланың саулығы мәртебеден, ыңғайлылықтан және «ыңғайсыз әңгімелерден» маңыздырақ.
Бұдан кейін не істеу керек
Тіпті буллинг тоқтағанның өзінде, оның салдары баланың бойында ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Оған әрі қарай да қолдау көрсету өте маңызды:
- жанында болыңыз және үнемі сөйлесіп тұрыңыз;
- қауіпсіздік сезімі мен өзіне деген сенімділігін қайтаруға көмектесіңіз;
- ұйқысын, көңіл-күйін, тәбетін және мектепке баруға деген ынтасын бақылаңыз;
- бала өзін қайтадан жайлы әрі қабылданғандай сезінетін ортаға жағдай жасаңыз;
- қажет болса, психологқа жүгініңіз.
.png)
Материал The Village Қазақстанның қолдауымен дайындалды.
Редактор: Камила Шалжанова
Сондай-ақ оқыңыз
Пайдалы мақала

.webp)